Декретке – миллионмен: жүкті әйелдерге төлем алуға көмектескен ақтөбелік сотталып кетті

Автор: Алмас Ерсін

Ақтөбелік әйел бірнеше жүкті әйелді жеке кәсіпкерлікке жалған жұмысқа орналастырып, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына 7 миллион теңгеге жуық шығын келтірген

Фото: istockphoto.com

Ақтөбе қаласының тұрғыны болашақ аналарға декреттік төлемдерді заңсыз жолмен жоғары мөлшерде алуға көмектескені үшін алаяқтыққа кінәлі деп танылды. Бірнеше жеке кәсіпкерлікке жалған жұмысқа орналастыру арқылы әлеуметтік мемлекеттік қорға шамамен 7 миллион теңге көлемінде залал келтірілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Диапазон» газетіне сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, сот алдында 29 жастағы ақтөбелік Гүлжан есімді әйел жауап берген. Ол болашақ аналарға декреттік төлемдерді заңсыз жолмен көбейтіп алуға көмектескен.

Әйел онлайн бухгалтерлік курсынан өтіп, декреттік төлемдерді есептеуді үйренген.

Кейін ол қылмыстық схеманы ойластырған. Мемлекеттен жоғары мөлшерде жәрдемақы алу үшін әйелдерді бірден бірнеше жеке кәсіпкерлікке жалған жұмысқа орналастырған.

«Миллиондық декреттік төлемдер» туралы ақпарат әлеуметтік желілерде белсенді жарнамаланған. Гүлжанның қызметіне бірнеше әйел жүгініп, нәтижесінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан шамамен 7 миллион теңге артық төленген», – деп жазылған хабарламада.

Сот Гүлжанды алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 2 жыл 7 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда сотталған әйелдің кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескеріп, жазаны өтеу мерзімін кейінге қалдырған. Сондықтан ол қамауға алынған жоқ.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.