Алматыда такси жүргізушісі Жапониядан келген туристен бір сапар үшін 95 мың теңге талап еткен

Жапониялық туристен 14 шақырымдық жол үшін 95 мың теңге талап еткен жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Алматыда такси жүргізушісі Жапониядан келген туристен бір сапар үшін 95 мың теңге талап еткен
Фото: istockphoto.com

Алматы әуежайынан қалаға дейінгі сапар Жапониядан келген турист үшін жағымсыз жағдаймен аяқталды. Бар болғаны 14 шақырым жолға такси жүргізушісі одан 95 мың теңге талап еткен. Бұдан бөлек, сапардан кейін WhatsApp арқылы хат жазып, жақынырақ танысуды ұсынған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға туралы Threads желісінде туристің құрбысы жазған. Оның айтуынша, ол Жапониядан келген досына әуежайдағы такси жүргізушілерінің қызметін пайдаланбауды алдын ала ескерткен. Оның орнына Яндекс Go немесе Green SM қосымшалары арқылы көлік шақыруға кеңес берген.

Алайда әуежайға келген кезде туристің алдынан бірнеше жүргізуші шығып, өз қызметтерін ұсынған. Олар ресми такси қызметінде жұмыс істейтіндерін, жолақы есептегіш арқылы төленетінін айтып, бұл нұсқаның арзанырақ әрі ыңғайлы болатынына сендірген.

Нәтижесінде шамамен 30 минутқа созылған, ұзындығы 14 шақырым сапар үшін жолаушыдан 95 мың теңге сұралған.

«Банк күмәнді транзакцияны бұғаттап, 40 мың теңге есептен шығарылғаннан кейін ғана жағдай реттелді. Жүргізуші тіпті оған жеңілдік жасағандарын айтты! Бірақ оқиға мұнымен аяқталған жоқ. Сапардан кейін ол құрбыма WhatsApp арқылы жазып, қаланы көрсетуді ұсынып, жақынырақ танысқысы келетінін білдірген», – деп жазды бойжеткен Threads желісінде.

Жарияланымға Алматы полициясы да назар аударды. Әлеуметтік желілерде тараған ақпараттан кейін тексеру жүргізілгенін мәлімдеді.

«Тексеру нәтижесінде жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция жолаушылардың, соның ішінде шетелдік туристердің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуы бақылауда екенін еске салады. Әрбір келіп түскен хабар бойынша тиісті шаралар қабылданады», – деп жазылған полиция хабарламасында.