Ақмола облысында екі тұрғын 6 миллион теңгенің шаяны үшін түрмеге қамалды

Автор: Алмас Ерсін

Браконьерлер жалпы құны 6 миллион теңгеге бағаланған 336,4 келі артемия салина шаянын заңсыз аулаған

Фото: istockphoto.com

2025 жылғы шілдеде Ақмола облысының екі тұрғыны Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданындағы көлдердің біріне барып, түн ішінде 336,4 келі артемия салина шаянын заңсыз аулаған. Олар олжасын тиімді бағаға сатуды көздеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy СҚО прокуратурасына сілтеме жасап.

Алайда браконьерлердің жоспарына полиция қызметкерлері кедергі келтірген. Құқық қорғау органдары оларды су айдынының жағасында қылмыс үстінде ұстаған. Заңсыз аулауға пайдаланылған құралдар мен барлық олжа тәркіленді.

Сарапшылар мемлекетке келтірілген экологиялық залалды 5 миллион 952 мың 104 теңгеге бағалаған.

СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты екі ер адамды да кінәлі деп таныды. Рақымшылық туралы заң қолданылғаннан кейін олардың әрқайсысына бір жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген.

Прокуратура өкілдері артемия салина шаяны балық өсіру және фармацевтика саласында кеңінен қолданылатын құнды биоресурс екенін еске салды. Оны бақылаусыз аулау су айдындарының экожүйесіне елеулі зиян келтіреді.