Қызылорда облысында 9 жастағы бала әкесінің көлігін айдап кеткен

Автор: Алмас Ерсін

Полиция әлеуметтік желідегі видеоны анықтап, баланың заңды өкіліне айыппұл салды

Фото: istockphoto.com

Қызылорда облысының Арал ауданында тоғыз жастағы бала әкесіне тиесілі Toyota Sienna автокөлігін жүргізіп, көше бойымен жүрген. Осы оқиғадан кейін баланың заңды өкіліне айыппұл салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Оқиға күндіз болған. Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді бақылау барысында жарияланған бейнежазбаны анықтаған. Видеоны зерделеу кезінде минивэнді тоғыз жастағы баланың басқарғаны, ал көліктің әкесіне тиесілі екені белгілі болды.

Баланың заңды өкіліне баланы тәрбиелеу және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік жүктелді. Полиция айыппұлдың нақты мөлшерін жариялаған жоқ. Сонымен қатар қызметкерлер отбасымен профилактикалық әңгіме жүргізді.

«Құрметті ата-аналар! Балаларыңызды көлік тізгініне отырғызбаңыздар және автокөлік кілттерін олардың қолы жетпейтін жерде сақтаңыздар. Балалардың өмірі мен қауіпсіздігі – әр ата-ананың басты жауапкершілігі», – деп ескертті полиция.