Сот оған жеті жыл жаза тағайындады
Астанада екі компанияның шотынан 109 миллион теңгеден астам ақша жымқырған бұрынғы бас есепшіге сот үкімі шықты. Әйел жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жазаны өтеу мерзімі бір жылға кейінге шегерілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, әйел 2019–2023 жылдары бір меншік иесіне тиесілі, өзара байланысты екі компанияда бухгалтер, кейін бас есепші болып жұмыс істеген.
Қызметіне байланысты ол банктік кілттерге ие болып, ұйымдардың есепшоттарына тұрақты қол жеткізу мүмкіндігін алған. Бұл оған қаржылық операцияларды өз бетінше бастауға және растауға мүмкіндік берген.
«Қызметтік жағдайын және ақша қаражатына қол жеткізу мүмкіндігін пайдаланып, В. пайдакүнемдік мақсатта аталған ЖШС-тердің шоттарынан өз банктік шоттарына, сондай-ақ өзі бақылайтын жеке кәсіпкерлердің шоттарына негізсіз ақша аударымдарын жүйелі түрде жасаған. Бұл операцияларға тиісті шарттық немесе өзге де құқықтық негіздер болмаған әрі олар бухгалтерлік есепте тиісті түрде көрсетілмеген», – деп жазылған іс материалдарында.
Оның заңсыз әрекеттері салдарынан компанияларға 109 миллион теңгеден астам аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірілген. Бұл қаражат әлі күнге дейін өтелмеген. Ал сотталушы өз кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұраған.
Прокурор әйелді сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот қылмыстың ауырлығын, келтірілген залалдың өтелмегенін, сондай-ақ сотталушының 2013 және 2014 жылы туған екі кәмелетке толмаған баласы бар екенін ескерді. Істі қарау барысында жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Нәтижесінде әйел жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған коммерциялық және мемлекеттік ұйымдарда материалдық жауапты лауазымдарды атқаруға 10 жылға тыйым салынды.
Алайда асырауында кәмелетке толмаған балалары болуына байланысты сот Қылмыстық кодекстің 74-бабына сәйкес жазаны өтеуді бір жылға кейінге қалдырды.
Жәбірленуші тараптардың азаматтық талап-арыздары қанағаттандырылды. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.