Ер адам ломбардтағы смарт-сағатының кепіл мерзімін ұзарту үшін телефон сұраған. Кезекші инспектормен жанжалдасқан соң үш жылға сотталды
Атырауда 28 жастағы ер адам арнайы қабылдау орнының қызметкерімен жанжалдасып, ақыры үш жылға бас бостандығынан айырылды. Ол ломбардқа кепілге қойған смарт-сағатының мерзімін ұзарту үшін телефон сұраған. Алайда кезекші инспектормен сөзге келіп, арты төбелеске ұласқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, ер адам есірткіге мас күйде көлік жүргізгені үшін әкімшілік қамаққа алынған. Кейін камераласымен төбелесіп, жазасына тағы 15 тәулік қосылған.
Смарт-сағатын ломбардқа кепілге қойған азамат оны қайтару мерзімін ұзарту қажет болған кезде ұялы телефон сұраған.
Оның айтуынша, арнайы қабылдау орны басшысының орынбасары телефонды пайдалануға рұқсат берген. Алайда кезекші инспектор Ғалымжан Нұрмұхамбетов мекеме ережелеріне сүйеніп, өтінішін орындаудан бас тартқан. Осыдан кейін екеуінің арасында жанжал туындаған.
Полицейдің айтуынша, ер адам оны екі рет ұрған. Ал сотталушы керісінше, жанжалды инспектор бастағанын алға тартқан. Камераластар да полиция қызметкері күш қолданғанын айтқанымен, сот олардың көрсеткен айғақтарын сенімді деп таппаған.
Сараптама қорытындысы бойынша, жанжалға қатысқан екі адамның да денесінен жарақат белгілері анықталған.
Сот сотталушының полицей тарапынан күш қолданылғаны туралы уәждерін қабылдамай, оны үш жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.