Бір жылда екінші рет: әйелімен болған жанжалдан кейін астаналық көше тазалайтын болды

Автор: Алмас Ерсін

34 жастағы ер адам бір жыл ішінде отбасылық-тұрмыстық құқықбұзушылықты екінші рет жасаған

Фото: istockphoto.com

Астанада 34 жастағы ер адам отбасылық-тұрмыстық құқықбұзушылықты бір жыл ішінде қайталап жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап. 

Астанада әйелімен кезекті рет жанжалдасқан ер адам қоғамдық жұмысқа тартылды. Отбасындағы жанжалға байланысты полиция шақырылған.

Қалалық полиция департаментінің Instagram парақшасында жарияланған мәліметке сәйкес, ер адам мас күйінде бірге тұратын әйелмен (азаматтық некедегі жұбайымен) жанжалдасып, оны балағаттаған. Сонымен қатар түнгі уақытта тыныштықты бұзған.

«Полиция қызметкерлері 34 жастағы ер адамды анықтады. Тексеру барысында оның бір жыл ішінде құқықбұзушылықты қайталап жасағаны белгілі болды. Сот қаулысымен оған 40 сағат қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды. Қазіргі уақытта ол жазасын өтеп жатыр», – деп жазылған хабарламада.