Марқұмның туыстары жасөспірімнің бір жылға арнайы мектепке жіберілуін тым жеңіл жаза деп санайды
Алматыда 12 жастағы Абылайхан Ержанұлының өліміне себеп болған жасөспірімге қатысты сот шешімімен марқұмның отбасы келіспейді. Олар қайғылы оқиғаға қатысы бар адамдардың барлығы жауапқа тартылуын талап етіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Баланың анасы Замира Бадалованың айтуынша, Абылайхан маусым айында Алматыдағы әскери жатақханада өлтірілген. Оның сөзінше, жанжалға екі оқушыға да ұнаған қыз себеп болған.
«Айтуларынша, мұны бала жасаған. Бірақ бұл бала емес. Ол – қылмыскер, аса қатыгездік танытқан. Оның үстіне, бұл кездейсоқ болған жағдай емес, ол бұған алдын ала дайындалған. Сондықтан біз бұл істе көптеген олқылық бар деп есептейміз. Сот оны бір жылға арнайы мекемеге орналастыру туралы шешім шығарды. Біз мұнымен мүлде келіспейміз. Бір жылдың ішінде бала ештеңе түсінбейді. Мен осы іске қатысы бар адамдардың барлығының, барлығының жауапқа тартылғанын қалаймын», – деді қаза тапқан баланың анасы Замира Бадалова.
Оқиға болған күні 13 жастағы мектеп оқушысы Абылайханды сөйлесуге шақырған. Кездесу кезінде оған пышақпен шабуыл жасаған. Салдарынан бала ауыр жарақат алып, көз жұмды.
Бастапқыда оған тоғыз рет пышақ сұғылғаны хабарланған. Алайда марқұмның туыстарының айтуынша, кейін жүргізілген сараптама нәтижесінде баланың денесінен 16 пышақ жарақаты анықталған.
Оқиға болған кезде күдікті 13 жаста болғандықтан, ол қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Ал оның ата-анасына әкімшілік жаза тағайындалған. Жәбірленуші тарап бұл шешіммен келіспейді.
Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек жасөспірімге қатысты қабылданған шараларды түсіндірді.
«Сот шешімімен 13 жастағы жасөспірім ерекше режимде ұсталатын мамандандырылған мектеп-интернатқа орналастырылды. Сонымен қатар қылмыстық істің тоқтатылуы болған оқиғаның салдарсыз қалғанын білдірмейді. Жасөспірім мен оның ата-анасына қатысты заңда көзделген шаралар қабылданды. Кәмелетке толмаған бала профилактикалық есепке қойылды. Оның мінез-құлқы полицияның тұрақты бақылауында болады», – деп түсіндірді Салтанат Әзірбек.
Бұған дейін Алматыда жасөспірімдер арасындағы жанжалдың соңы 12 жастағы баланың өлімімен аяқталған.