Павлодар облысының Ақсу қаласына қарасты ГРЭС кентінде белгісіз біреулер, еріктілердің айтуынша, тірі иттің терісін сыпырып, өлім аузында қалдырған. Жануарларды қорғаушылар құқық қорғау органдарынан қылмыстық іс қозғауды сұрап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Бірінші Еуразия арнасына» сілтеме жасап.
Еріктілердің болжамынша, қаңғыбас ит үйлердің біріне жақын жерде жүрген. Олар жануарға уақытша қамқорлық жасайтын орын іздей бастағанымен, үлгермеген. Сол түні итті ұстап алып, аяусыз азаптаған.
«Еріктілікпен айналысқан кезімізде талай жайтты көрдік. Бірақ мұндай қорқынышты оқиғаға алғаш рет куә болып отырмыз. Сондықтан жануарға қатыгездік көрсету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғауды құқық қорғау органдарынан қатты сұраймыз», – деді жануарларды қорғаушы Юлия Гельд.
Құқық қорғау органдары ветеринарлардың қорытындысын күтіп отыр. Соның негізінде бұдан арғы шешім қабылданады.