Әлеуметтік желіден құрбан іздеген: Астанада балабақшаға қатысты алаяқтық әшкереленді
Желі арқылы ата-аналардың сеніміне кірген әйел 10 алаяқтық дерегіне қатысы бар деген күдікке ілінді
Астанада баласын мемлекеттік балабақшаға кезексіз орналастыруға уәде беріп, ата-аналардың ақшасын иемденген 33 жастағы әйел ұсталды. Тергеу мәліметінше, күдікті өзіне құрбандарды әлеуметтік желілер арқылы іздеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, әйел елордадағы мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарға қатысты жарияланымдардың астына пікір қалдырып, ата-аналармен байланыс орнатқан.
«Әйел ата-аналардың сеніміне кіріп, балаларын мемлекеттік балабақшаларға кезектен тыс орналастыруға уәде берген. Осыдан кейін азаматтарды өз банктік шотына ақша аударуға көндірген. Күдікті түскен қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсаған», – деп жазылған ІІМ медиапорталындағы хабарламада.
Қазіргі уақытта тергеу барысында оның заңсыз әрекетіне қатысты 10 дерек ресми түрде анықталған. Сонымен қатар полицейлер келтірілген шығынның нақты көлемін анықтап, ұсталған әйелдің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Осыған байланысты полиция қазақстандықтарға ескерту жасады. Ведомство азаматтарды әлеуметтік желілердегі күмәнді қызметтерден сақ болуға және мемлекеттік қызметтерді алу үшін тек ресми арналарды пайдалануға шақырды.