Сот әйелдің әрекетін ұсақ бұзақылық деп танып, әкімшілік жаза тағайындады
Астаналық тұрғын TikTok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфир кезінде балағат сөздер айтып, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорда соттарына сілтеме жасап.
Бүгін Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотында қала тұрғынына қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі бойынша іс қаралды.
Сот мәліметінше, азаматша Б. TikTok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфир кезінде әдепсіз сөздер айтып, айналасындағылар мен әлеуметтік желі қолданушыларына құрметсіздік танытқан. Осылайша, ол қоғамдық тәртіп пен жалпыға ортақ мінез-құлық нормаларын бұзған.
Сот отырысында әйел өз кінәсін мойындаған. Сондай-ақ бұған дейін әкімшілік жауапкершілікке тартылмағанын айтып, тағайындалған айыппұлды төлеуге дайын екенін жеткізген.
Сотта түсіндірілгендей, ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу, 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу немесе 20 сағаттан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы көзделген.
Сот азаматша Б.-ны аталған құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салды.
Айта кетейік, сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.