Қызылорда тұрғынының өліміне байланысты үш күдікті ұсталды

Қызылордада ер адамның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша үш күдікті ұсталды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр

Қызылорда тұрғынының өліміне байланысты үш күдікті ұсталды
Фото; Қызылорда облыстық ПД видеосынан скриншот

Қызылордада жергілікті тұрғынның өліміне қатысты үш күдікті ұсталды. Алайда марқұмның әпкесі әлеуметтік желіде шабуылға 12 адам қатысуы мүмкін екенін айтып, олардың әрқайсысының әрекетіне құқықтық баға беруді сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қызылорда облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 8 қазанда облыс орталығының тұрғынын өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Полиция қызметкерлері үш күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған.

Тергеушілер тәркіленген барлық бейнежазбаларды зерделеген. Оқиғаға басқа адамдардың қатысы болуы мүмкін деген болжам да тексеріліп жатыр.

«Тергеу қорытындысы бойынша іске қатысы бар әр адамның рөлі мен қатысу дәрежесіне құқықтық баға беріледі. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», – деп мәлімдеді полиция.

Ведомство өкілдері қылмыстық істің барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында екенін де атап өтті.

Марқұмның әпкесі не дейді?

Әлеуметтік желіде марқұмның әпкесі бауырының Қызылордадағы дәмханалардың бірінің маңында өлтірілгенін жазған. Оның айтуынша, шабуылға 12 адам қатысқан болуы мүмкін. Алайда әйелдің сөзінше, тергеу әзірге үш адамның қатысы бар деген нұсқаны қарастырып отыр.

Марқұмның әпкесі шабуылға қатысы болуы мүмкін адамдардың бәрін бірдей кінәлі деп санамайтынын жеткізген. Дегенмен ол әрқайсысының әрекетін мұқият тексеріп, куәгерлерден жауап алуды талап етеді.

Сондай-ақ әйел Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінен тергеуді ерекше бақылауға алуды сұрады.