Жәбірленушінің анасы шабуылға қатысқан өзге оқушыларды да жазалауды талап етеді
Таразда мектептің киім ауыстыратын бөлмесінде 10-сынып оқушысын ұрып, ауыр жарақаттаған жасөспірім жеті жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, Жамбыл облысында мектептің киім ауыстыратын бөлмесінде болған төбелеске қатысты резонансты іс бойынша сот процесі аяқталды. Тергеу мен сот талқылауы жеті айға созылған.
Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты соққы салдарынан жәбірленушінің ауыр жарақат алып, көру қабілетінен толық айырылғанын анықтады.
Сот үкімімен К. есімді жасөспірім кінәлі деп танылып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Ал зардап шеккен оқушы осы уақытқа дейін жеті рет ота жасатқан. Қазір оның екінші көзінің де көру қабілеті нашарлап барады.
Бұрын дәрігер болуды армандаған жасөспірім қазір күйзеліске түскен. Анасы Зухра Каримова ұлына жасалған әрекетті кешіре алмайтынын айтады. Оның пікірінше, шабуылға бірнеше адам қатысқандықтан, олардың барлығы жауапқа тартылуы керек.
«Әрине, мен апелляциялық шағым түсіремін. Әрі қарай да барлық қатысушыны жазалауды талап етемін. Иә, бәрін де. Өйткені бұл топ болып жасалған шабуыл еді. Біз мұны басынан бері айтып келеміз, мұны бәрі біледі. Сондықтан қалғандары да жазалануы керек деп есептеймін», – деді оқушының анасы.
Осы уақытқа дейін үйқамақта болған сотталған жасөспірімді сот залынан қолына кісен салып алып шыққан. Куәгерлердің айтуынша, ол жылағанымен, кінәсін тек ішінара мойындаған.
Еске салайық, 10-сынып оқушысы үзіліс кезінде бірнеше 9-сынып оқушысымен болған жанжалдан зардап шеккен. Жәбірленушінің айтуынша, оны ер балалардың киім ауыстыратын бөлмесіне сөйлесуге шақырған. Алайда әңгіме соққыға жығумен аяқталып, салдарынан бір көзінен айырылған. Жасөспірім өзін нақты немен ұрғанын әлі күнге дейін білмейді.
«Екінші сабақ аяқталып, келесі сабаққа бара жатқанбыз. Алдымызда келе жатқан 9-сынып оқушысы иығымнан итеріп жіберді. Киім ауыстыратын бөлмеге кіргенде, олар бірден ұра бастады. Құлаған кезде көзіме бірдеңе болғанын байқадым. Мені немен ұрғанын көрген жоқпын», – деді жасөспірім.
Баланың зақымданған көзін дәрігерлер бөлшектеп қалпына келтіруге тырысқан. Анасының айтуынша, медицина қызметкерлері соққының өте қатты болғанын және оның салдары қайтымсыз екенін айтқан.