Ақтөбеде атақты дәрігер 53 млн теңгеден астам қаржыны жымқырғаны үшін сотталды

Автор: Алмас Ерсін

Жәнібек Нармұхамедов кінәсін мойындап, мемлекетке келтірілген шығынды толық өтеген. Сот оған бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады

Фото: diapazon.kz

Ақтөбеде №3 қалалық емхананың бұрынғы бас дәрігері сотталды. Ол 53,1 млн теңге жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. Дәрігер кінәсін мойындап, мемлекетке келтірілген шығынды толық қайтарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.

Іс материалдарына сәйкес, Жәнібек Нармұхамедов «Медина Клиник» медициналық мекемесін іс жүзінде өзі басқарған. Қор бұл клиникамен алғашқы медициналық-санитариялық және консультативтік-диагностикалық көмек көрсету, сондай-ақ халықтың нысаналы топтарын профилактикалық тексеруден өткізу туралы келісімшарттар жасаған.

Медициналық ұйымды қаржыландыру тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жүргізілген.

Кейін дәрігер клиниканы туысының сенімгерлік басқаруына берген. Айыптау тарапының нұсқасы бойынша, ол туысының және клиника директорының біліктілігі жеткіліксіз екенін пайдаланып, басқа медициналық ұйымдардан жіберілген пациенттер туралы ақпаратты бақылауды жалғастырған.

Осыдан соң Нармұхамедов бюджет қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырған. DamuMed ақпараттық жүйесіне көрсетілген медициналық қызметтер туралы көрінеу жалған мәліметтер енгізілген. Есептерге іс жүзінде көрсетілмеген қызметтер де қосылып, бұған дейін көрсетілген қызметтер қайталанып жазылған. Бұл туралы Ақтөбе қаласының №2 сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Орындалған жұмыстар актілері мен шот-тізілімдер негізінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қаражатты «Медина Клиник» есепшотына аударып отырған. Тергеу мәліметінше, осылайша дәрігер 53 млн 117 мың теңгені жымқырып, оны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.

Нармұхамедов кінәсін мойындап, мемлекетке келтірілген шығынды толық өтеген. Кейін прокуратурамен кінәні мойындау туралы процестік келісім жасасқан. Сот оған бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Дәрігер медицина саласында 40 жылдан астам еңбек еткен

Басылымның жазуынша, Ақтөбе жұрты Жәнібек Нармұхамедовті медицина саласында 40 жылдан астам уақыт еңбек еткен дәрігер ретінде біледі. Ол емханаға басшылық етіп қана қоймай, мамандандырылған медициналық көмекті дамытуға да үлес қосқан.

«Ақтөбеліктер Жәнібек Нармұхамедовті медицинаға 40 жылдан астам уақытын арнаған, өз ісін жақсы білетін білікті маман әрі жақсы дәрігер ретінде таниды. Қарапайым емхананың өзінде ол көз микрохирургиясының амбулаториялық орталығын ашты. Онда жыл сайын катаракта, глаукома және басқа да аурулары бар адамдарға шамамен 600 операция жасалады. Ал пандемия кезінде ауруханалардың бәрі науқастарға толып кеткенде, бас дәрігер ретінде емхана базасында стационар ашу туралы шешім қабылдады. Бұл стационарда 1 400 адам емделді», – деп жазады басылым.

Нармұхамедов «Құрмет» мемлекеттік орденімен марапатталған. Ол Ақтөбенің 12-шағынауданында орналасқан №3 емхананы 14 жыл басқарған. 2026 жылдың қысында оны зейнетке салтанатты түрде шығарып салған.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.