Бірі іш киімін шешіп, екіншісі лифтіні қиратқан: Астанада екі ер адам ұсталды

Автор: Алмас Ерсін

Олардың бірі қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін де жауап береді

Фото: Астана қаласы ПД

Астанада тұрғын үйлердің кіреберісінде бұзақылық жасаған екі ер адам ұсталды. Олардың бірі баспалдақ алаңында, балалар арбасының жанында іш киімін шешсе, екіншісі тек іш киіммен лифтіні қиратқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Ведомство оқиғаға қатысты бейнежазбаларды жариялады. Белгілі болғандай, полиция қызметкерлері екі оқиғаға да қатысы бар адамдарды анықтады. Олар 27 және 30 жастағы ер адамдар болып шықты.

«Ұсақ бұзақылық жасағаны және тыныштықты бұзғаны үшін екі ер адам да әкімшілік жауапкершілікке тартылып, уақытша ұстау бөлмесіне қамалды», – деп мәлімдеді Астана полициясы.

Бұдан бөлек, 30 жастағы ер адам қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін де жауапқа тартылды. Оған қатысты материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.