Әнші есірткі контрабандасына оқталды деген күдікке ілінді
Ресейлік әнші Наваи Бакиров 13 қазанда Жамбыл облысындағы «Қордай» өткізу бекетінде ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Қазақстанға кіреберісте құқық қорғау қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен бірлесіп, әнші отырған көлікті тексерген. Тексеру барысында есірткі болуы мүмкін зат табылып, тәркіленген.
Осы дерек бойынша есірткі заттарының контрабандасына оқталу күдігімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Қылмыстық істің өзге де мән-жайы Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.
Наваи Бакиров – азербайжан текті танымал ресейлік әнші әрі рэп орындаушысы. Ол бұрын HammAli & Navai дуэтінің құрамында өнер көрсеткен.