Әлеуметтік желідегі «оңай табыс» туралы жарнамаға сенген жасөспірім психотроптық заттарды сатқаны үшін бес жылға сотталды
Шымкентте психотроптық заттарды сатты деп айыпталған жасөспірім сотталды. Сот оған бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy қалалық прокуратураға сілтеме жасап.
Ведомствоның ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, 2026 жылғы 27 тамызда Шымкенттің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әлеуметтік желідегі «оңай табыс» туралы жарнамаға сеніп, психотроптық заттарды сатумен айналысқан жасөспірімге қатысты үкім шығарған.
«Жасөспірімге психотроптық заттарды көрсетілген орындарға қалдырғаны үшін күніне 30–40 мың теңге табыс табатыны уәде етілген. Кейін ол психотроптық заттарды 51 500 теңгеге сатқан», – деп мәлімдеді прокуратура.
Сот оның әрекетін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 1-бөлігі бойынша саралап, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Прокуратура жастарды әлеуметтік желілердегі «тез әрі оңай ақша табуға» қатысты күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырды.
Есірткі құралдарын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау және өткізу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.