6 ұрлыққа қатысы бар: Алматыда ашық қалған пәтерлерді торуылдаған ер адам ұсталды

Автор: Алмас Ерсін

Күдікті подъездерде есік тұтқаларын тартып, құлыпталмаған пәтерлерді іздеген.

Фото: istockphoto.com

Алматыда подъезд камерасына пәтер есіктерінің тұтқасын тартып, ашық қалған үйлерді іздеген ер адам түсіп қалған. Полиция пәтер ұрлығына күдіктіні анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Алматы Полиция департаментінің Instagram парақшасында күдікті туралы видео әлеуметтік желіде тарағаннан кейін тәртіп сақшылары тиісті шаралар қабылдағаны айтылды. Нәтижесінде бұрын сотталған ер адам анықталған.

«Тергеу мәліметінше, ер адам ұрлықты негізінен Алматы мен Астанада жасаған. Ол пәтер иелерінің есікті құлыптауды ұмытқанын пайдалану үшін есік тұтқаларын тартып, подъездерді тексеріп жүрген. Есігі құлыпталмаған бөтен үйге кедергісіз кіріп, мүлік ұрлаған. Алматыда оның пәтер ұрлығының алты дерегіне қатысы дәлелденді. Бір жағдайда пәтердің кіреберісінен ішінде 20 мың теңге болған сөмке жоғалса, тағы бір оқиғада келтірілген шығын 40 мың теңгені құраған», – деп мәлімдеді полиция.

Полиция департаментінің мәліметінше, күдікті ұсталды. Қазір тергеу жалғасып, оның заңсыз әрекеттеріне қатысты барлық мән-жай анықталып жатыр.

Сонымен қатар полиция қазақстандықтарға пәтер есігін құлыптамай кету ұрыларға оңай олжа екенін ескертті. Үйден аз уақытқа шыққанның өзінде қауіпсіздік шараларын естен шығармау қажет.