Жамбыл облысында оқушылар төбелесінен кейін жасөспірім қаза тапты

Автор: Алмас Ерсін

2011 жылы туған жасөспірім алған жарақатынан кейін көз жұмды, күдікті қамауға алынды

Фото: istockphoto.com

Жамбыл облысының Байзақ ауылында кәмелетке толмағандар арасындағы жанжал кезінде жарақат алған жасөспірімнің өлімі тергеліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға 3 қазан күні кешке болған. Сағат 22:00 шамасында жасөспірімдер арасында жанжал шығып, ол төбелеске ұласқан. Соның салдарынан 2011 жылы туған жасөспірім дене жарақатын алған. Кейін алған жарақатынан қайтыс болған.

Полиция Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігі бойынша тергеу бастады. Бұл жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру туралы бап.

Жанжалға қатысушылардың бірі ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасып жатыр және полиция департаменті басшылығының бақылауында», – деп хабарлады полиция.