«Криптовалютадан табыс табасың» деген: петропавлдық 1,1 млн теңгесінен айырылып қала жаздады

Автор: Алмас Ерсін

57 жастағы тұрғын криптовалютаға инвестиция салмақ болған

Фото: istockphoto.com

Петропавлда СОБР қызметкерлері 1,1 млн теңгеден астам қаржыны алаяқтарға аудармақ болған 57 жастағы қала тұрғынын тоқтатты. Ол ақшаны криптовалютаға инвестиция салу үшін аудармақ болған,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің арнайы мақсаттағы жедел қимыл жасағының қызметкерлері Қарасай Ботпаев пен Бауыржан Ахмет «Рахмет» сауда үйінде кезекшілікте болған. Ботпаев банкомат маңында қолында бір бума ақшасы бар, телефонмен қобалжып сөйлесіп тұрған ер адамды байқайды.

Полиция қызметкері ер адамға өзін таныстырып, қызметтік куәлігін көрсеткен. Алайда тұрғын бастапқыда оған сенбеген. Сол кезде Ботпаев формалы киімдегі әріптесін шақырған. Осыдан кейін ер адам полицейлердің сөзін тыңдаған.

Тұрғын Binance платформасында криптовалютамен сауда жасайтынын айтқан. Алайда оның қандай платформа екенін түсіндіріп бере алмаған. Кейін ер адамның интернеттен табыс табу туралы хабарландыру көріп, онда көрсетілген Telegram байланысына жазғаны анықталды. Әңгімелесушілер оған криптовалюта арқылы ақша табуды ұсынған. Сондай-ақ салынған қаражаттан түсетін болжамды табыстың графиктерін жіберіп отырған.

Полицияның мәліметінше, бұл адамдардың нақты криптовалюта биржасына еш қатысы болмаған. Ер адам ақшаны соларға аударуға дайын болған, алайда СОБР қызметкерлері оны дер кезінде тоқтатты. Осылайша тұрғын қаржылық шығынға ұшырамаған.

Өңірдегі сауда үйлерінде мұндай кезекшіліктер тұрақты түрде өткізіледі. Полицейлер сағат 09:00-ден сауда орны жабылғанға дейін кезекшілік атқарады. Бір қызметкер формамен қоғамдық тәртіпті бақылайды, ал екіншісі азаматтық киіммен интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған жұмыс жүргізеді.

Полиция азаматтарды оңай әрі тез табыс табуға қатысты уәделерге сенбеуге және өздері толық түсінбейтін қаржы құралдарына, әсіресе бейтаныс адамдардың нұсқауымен ақша салмауға шақырды.

Ведомство сонымен қатар туыстарының атынан жасалатын бейнеқоңырауларға қатысты ескертті. Қарасай Ботпаевтың тәжірибесінде алаяқтардың интернетте жарияланған адамдардың фотосуреттерін пайдаланып, нейрожелілер арқылы сыртқы бейнесін өзгерткен жағдайлар болған.

Егер жақын адамыңыз бейнеқоңырау кезінде ақша аударуды сұраса, алдымен оның кім екенін тексеру қажет. Ол үшін бөгде адам біле алмайтын сұрақтар қойып, жауаптарын нақтылаған жөн.

Қаржыға қатысты кез келген ақпаратты ресми арналар арқылы тексеру керек. Алаяқтық белгілері байқалған жағдайда полицияға дереу хабарласу қажет.