Елордада заңсыз құрылысқа қатысты тәуекелдерді ерте анықтау және құрылыс компанияларын бақылау күшейтілмек
Астанада үлестік құрылыс саласындағы заңсыз құрылыстарды анықтау және тәуекелдерді болжау үшін жасанды интеллект пен спутниктік мониторингті қолдану мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорданың прокуратурасына сілтеме жасап.
Технологиялық шешімдер қала әкімі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен өткен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында қаралды.
Прокуратураның мәліметінше, азаматтардың қаражатын заңсыз тарту және жаңа проблемалы нысандардың пайда болуы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Құрылыс салушылар тұрғын үйді брондау, цессия, алдын ала сатып алу-сату, инвестициялау және басқа да тәсілдер арқылы келісімшарт жасасып, заң талаптарын айналып өтуді жалғастыруда.
Отырыста мониторинг нәтижелері жосықсыз құрылыс компанияларын тексеруге және оларға қатысты шаралар қабылдауға негіз болатын алгоритм әзірленді. Бұл шаралар қылмыстық іс қозғауға дейін баруы мүмкін.
Сондай-ақ заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар айтылды. Соның ішінде рұқсат құжаттарынсыз құрылысты бастағаны үшін жеке қылмыстық жауапкершілік енгізу ұсынылды.