Бір затты қолында ұстап тұрған, ал екіншісін білдіртпей алып шығуға тырысқан
Алматының Жетісу ауданындағы сауда орталықтарының біріндегі бутикте болған келуші тауар ұрламақ болды деген күдікке ілінді. Бутик қызметкерлері жағдайды байқап, полиция шақырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қызметкерлердің айтуынша, қыз бір затты қолына ашық ұстап тұрған, ал екіншісін дүкеннен білдіртпей алып шығуға тырысқан. Заттың құны 36 мың теңгеден асады.
Дүңгіршек сатушылары жағдайды дер кезінде байқап, бірден полиция шақырған. Оқиға орнына келген қызметкерлер қызды Жетісу аудандық полиция басқармасына жеткізді.
«Аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Қыздың әрекетіне құқықтық баға беріліп, содан кейін тиісті шаралар қабылданады», – деп хабарлады полиция.
Полиция жазаның бұлтартпастығы қағидатын еске салып, азаматтарды өзгенің мүлкіне құрметпен қарауға және оңай олжаға қызықпауға шақырды.
«Ұсақ-түйек болып көрінген әрекет елеулі салдары бар құқық бұзушылыққа әкелуі мүмкін», – деп атап өтті ведомство.