Оқиға видеоға түсіп қалған, күдікті ұсталып, қылмыстық іс қозғалды
Оралдағы түнгі клубтардың бірінде қыздың аяусыз соққыға жығылған сәті видеоға түсіп, әлеуметтік желіде тарады. Кейін Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті ер адамның ұсталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Видеодан оқиғаның клубтың қосалқы бөлмесінде болғанын көруге болады. Еденде жатқан қыз ер адамнан аяғымен қорғануға тырысады. Бір кезде оны өзінен итеріп жібергенімен, ер адам үлкен шыны ыдыспен қыздың басынан бар күшімен ұрады. Соққыдан шыны ыдыс быт-шыт болып сынады.
Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті видеодағы ер адамның ұсталып, полицияға жеткізілгенін хабарлады.
«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бейнежазбаға түскен ер адам ұсталып, полицияға жеткізілді. Тергеу жалғасып жатыр. Тергеу барысы БҚО полиция департаменті басшылығының бақылауында», – делінген хабарламада.
Ведомство ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайтынын айтты.