Алматы тұрғыны әскерге шақыру туралы жазбасы үшін жауапқа тартылды

Ер адам әскерге шақыру тәртібі туралы жалған ақпарат таратқан

Алматы тұрғыны әскерге шақыру туралы жазбасы үшін жауапқа тартылды
Фото: istockphoto.com

Алматы тұрғыны әскери қызметке шақыру тәртібі туралы жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, 17 шілдеде ер адам Facebook желісінде видео жариялап, азаматтарды денсаулығында кінәраты болғанына қарамастан әскери қызметке шақыруы мүмкін екенін айтқан.

Жарияланымнан кейін құзырлы органдар тексеру жүргізіп, таратылған мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын анықтады. 15 тамызда жазба авторы әкімшілік жауапқа тартылды.

Қорғаныс министрлігі әскери қызметке жарамдылық туралы шешім азаматтың денсаулық жағдайы мен белгіленген талаптар ескеріле отырып, медициналық куәландыру нәтижесі бойынша қабылданатынын атап өтті.

Осылайша, ведомство азаматтарды денсаулық жағдайын ескермей әскери қызметке шақыруға болады деген мәлімдемелердің белгіленген тәртіпке сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

Министрлік заңда көзделген жағдайларда жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын да еске салды. Сондай-ақ әскерге шақыру және медициналық куәландырудан өту туралы ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға шақырды.