Жаңа талаптар электросамокатпен жүру тәртібін қатаңдатып, жалға берілетін көліктерге қосымша міндеттер енгізеді
25 тамыздан бастап Алматыда электросамокаттарға қатысты жаңа талаптар күшіне енеді. Ережелер электросамокатпен қай жерде және қандай жағдайда жүруге болатынын белгілейді, сондай-ақ жалға берілетін көліктерге қосымша талаптар енгізеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Негізгі өзгеріс тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруге қатысты. Енді электросамокаттардың бұл жерлермен жүруіне тыйым салынады.
«Негізгі өзгеріс – электросамокаттардың тротуарлармен және жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынады. Ал жолдың көлік жүретін бөлігіне тек кәмелетке толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі және қорғаныш дулығасы бар азаматтарға ғана шығуға рұқсат етіледі», – деді Абдинұр Тасыбаев.
Осылайша, жолдың көлік жүретін бөлігімен тек 18 жастан асқан, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі және қорғаныш дулығасы бар адамдар жүре алады. Тәуліктің қараңғы уақытында жарық шағылыстыратын элементтерді пайдалану қажет.
Электросамокатпен жолаушы мен жүк тасымалдауға тыйым салынады. Ал жаяу жүргіншілер өткелінен өткен кезде самокаттан түсіп, жаяу өту қажет.
Жалға берілетін электросамокаттардың тіркеу нөмірлері және міндетті сақтандыруы болуы тиіс. Кикшеринг компаниялары олардың техникалық жағдайын, жылдамдығын және орналасқан жерін бақылауға міндетті.