Ескерту жасаған полицейді аяусыз соққыға жыққан: үш қазақстандық 15 жылға дейін сотталуы мүмкін

Автор: Алмас Ерсін

Айыпталушыларға 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған

Фото: ҚР ІІМ

Қостанайда полицейді аяусыз соққыға жықты деп айыпталған үш ер адам сот алдында жауап береді. Қызметтік міндетін атқарып жүрген полиция қызметкеріне шабуыл жасағандар 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Алау» басылымының мәліметінше, сотқа дейінгі тергеу деректері бойынша оқиға тұрғын үйдің ауласында болған. Үш айыпталушы мас күйде болып, қоғамдық тәртіпті бұзған.

Полиция қызметкері оларға ескерту жасаған. Осыдан кейін ер адамдар агрессия танытып, оған күш қолданған. Полиция қызметкері көптеген дене жарақатын алған.

«Айыпталушылардың әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы 6-бөлігінің 4-тармағы – билік өкіліне оның қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты өміріне немесе денсаулығына қауіпті күш қолдану бойынша сараланды», – делінген хабарламада.

Аталған бап бойынша 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қостанай облысының прокуратурасы хабарлағандай, сот процесі ашық форматта өтеді. Іс бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды.

Бұл жантүршігерлік оқиға биыл наурыз айында белгілі болған. Шабуыл сәті видеоға түсіп қалған.