Астанада 10 мыңға жуық электросамокат айыптұраққа қойылды

Автор: Асқарова Қарлығаш

Негізгі әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірі – жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысының басқа да қатысушыларының қозғалыс ережелерін бұзуы

Фото: istockphoto.com

Астанада полиция электросамокат жүргізушілерінің жол ережесін сақтауын бақылауды жалғастырып жатыр. Жыл басынан бері тәртіп бұзғаны үшін 9654 электросамокат арнайы айыптұраққа қойылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полиция департаментінің мәліметінше, полиция 2674 электросамокат жүргізушісін тексерген. Оның 2335-і әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Солардың ішінде ең жиі кездесетін заң бұзушылықтардың қатарында қауіпсіздік талаптарын сақтамау, жаяу жүргіншілер аймағы мен тротуарда белгіленген тәртіпті бұзу, жол белгілері мен бағдаршам талаптарын елемеу және жолды дұрыс кесіп өтпеу бар.

«Негізгі әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірі – жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысының басқа да қатысушыларының қозғалыс ережелерін бұзуы. Осы бап бойынша 1211 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар жеке мобильділік құралдарын пайдалану талаптарын бұзғаны үшін 9654 электросамокат коммуналдық айыптұраққа қойылды», – деп хабарлады Астана қаласының Полиция департаменті.

Елорда тұрғындары да электросамокаттарға қатысты шағым жиі түсіреді. Көбіне олар самокаттарды тротуардың ортасына, жаяу жүргіншілердің еркін жүруіне кедергі келтіретін жерлерге тастап кетуіне байланысты.

Айта кетейік, Астананың жаңа дизайн-код жобасында жалға берілетін электросамокаттарға арналған арнайы тұрақ орындарын белгілеу қарастырылған. Бір тұрақта бес-алты самокат тұруы мүмкін.

Самокаттарға арналған орындарды тротуардың техникалық бөлігіне немесе автотұрақтағы бос орындарға орналастыру ұсынылған. Ал оларды жол  үстіне, аялдама маңына, жаяу жүргіншілер өткелі, қиылыс немесе дүкен кіреберісінен бес метрге жақын жерге қоюға болмайды.