Іс материалдарына сәйкес, сөндірілмеген сіріңке көліктің өртенуіне себеп болған
Астанада көлігі өртеніп, 2,9 млн теңгеден астам шығын келген азамат сотқа жүгінген. Алайда істі қарау кезінде оның өзі де өрттің шығуына себеп болғаны анықталды. Нәтижесінде сот көлік иесіне келген шығынның бәрін емес, оның бір бөлігін ғана өндіріп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 2025 жылдың мамырында елордадағы автотұрақтардың бірінде болған. Бір жүргізуші көлігінің ішінде темекі шегіп отырып, сөндірілмеген сіріңкені терезеден сыртқа лақтырып жіберген. Сіріңке жақын тұрған газ баллоны жүйесімен жабдықталған Audi A6 көлігіне түсіп, өрт шыққан.
Сот барысында Audi иесінің де қауіпсіздік талаптарын толық сақтамағаны анықталды. Көлік ұзақ уақытқа тұраққа қойылған кезде газ жүйесіне қатысты қажетті шаралар сақталмаған. Соның салдарынан көліктен газ шығып, сіріңке тиген кезде тұтанған.
«Сот өрттің шығуына екі тараптың да абайсыз әрекеті себеп болғанын анықтады. Сөндірілмеген сіріңкені лақтырған жүргізушінің әрекеті газ бен ауаның қоспасын тұтандырған. Сонымен қатар, газ баллоны жүйесімен жабдықталған көлікті ұзақ уақытқа тұраққа қойған кезде қауіпсіздік талаптарының сақталмауы да өрттің шығуына жағдай жасаған. Осыған байланысты сот екі тараптың кінә дәрежесін ескерді. Талап қоюшыға келген 2,9 млн теңгеден астам шығынның бәрі емес, оның бір бөлігі ғана өндірілді. Жауапкерден 1,6 млн теңгеден астам материалдық залал және сот шығындары өндірілді», – деп хабарлады сот.
Сот шешімі заңды күшіне енді.