Қазақстандықтың шағымынан кейін Қырғызстан милициясы қызметтік тексеріс бастады

Автор: Алмас Ерсін

Әлеуметтік желіде жарияланған шағымнан кейін Қырғызстан ІІМ қызметкерлердің әрекетіне қатысты қызметтік тексеру жүргізіп жатыр

Фото: ҚР ІІМ

Қырғызстанның Шу облыстық Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету басқармасы қазақстандық азаматтың әлеуметтік желіде жариялаған шағымынан кейін қызметтік тексеру бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24.kg сайтына сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, тексеру әлеуметтік желіде жарияланған қазақстандық азаматтың өтінішіне байланысты қолға алынған.

Айтуынша, 29 шілдеден 30 шілдеге қараған түні Қырғызстаннан Қазақстанға шығар кезде мемлекеттік шекара маңында оны милиция қызметкері тоқтатқан.

«Оның сөзінше, милиция қызметкері пара беруге ишара жасап, қысым көрсеткен. Соның салдарынан ол ақша беруге мәжбүр болған», – деп хабарлады Шу облыстық Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету басқармасы.

Милиция өкілдері өтініште көрсетілген барлық мән-жайды тексеріп жатқанын мәлімдеді. Қызметтік тексеру аяқталғаннан кейін оның қорытындысы туралы қосымша ақпарат берілетіні хабарланды.