Күдіктілер түрлі психологиялық тәсілдерді қолданып, зейнеткердің сеніміне кіріп алған
Қарағандыда 78 жастағы тұрғын «қарғысты қайтарамыз» деген желеумен әрекет еткен алаяқтардың құрбаны болды. Күдіктілер зейнеткердің алтын әшекейлері мен ақшасын иемденіп, оған шамамен 15 млн теңге көлемінде шығын келтірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға зейнеткер үйіне қайтып келе жатқан сәтте басталған. Оған үш бейтаныс әйел жолығып, әуелі стоматологияның қайда орналасқанын сұраған. Артынша әңгіме басқа арнаға ойысып, олардың бірі әйелдің үстінде жақын адамы салған «ескі қарғыс» барын айтып, егер оны қайтармаса, өзіне қымбат адамның өміріне қауіп төнетінін жеткізген.
Күдіктілер түрлі психологиялық тәсілдерді қолданып, зейнеткердің сеніміне кірген. Олар «тазартатын ине» сатып алуды ұсынып, қарғысты өздеріне «өткізіп жатқандай» әрекеттер жасаған. Кейін үйінен шикі жұмыртқа алып келуді сұраған. Осыдан кейін алаяқтар қарғысты толық кетіру үшін алтын бұйымдар мен ақшаны газетке орап беру қажет екенін айтқан. Олар зейнеткерге ішін ашпау керектігін ескертіп, 40 күннен кейін ғана түйінді өртеп, күлін сол жерге әкелуді тапсырған.
Алайда сол түні-ақ әйел күмәнданып, түйінді ашып көрген. Оның ішінде тек қағаз ғана болған. Ал алтын әшекейлері мен 15 млн теңгесін күдікті әйелдер алып кеткен.
Жәбірленушінің берген нақты сипаттамасының арқасында полиция күдіктілердің ізіне түскен. Тергеу барысында олардың Павлодар, Алматы және Жетісу облысының тұрғындары екені, бұған дейін де осындай қылмыстарға қатысы болуы мүмкін екені анықталған.
Тіркелген мекенжайларынан табылмаған күдіктілердің Теміртауда жүргені туралы ақпарат түскеннен кейін олар ұсталды. Жәбірленуші Қазыбек би аудандық полиция бөлімінде оларды таныған.
Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.