Полиция әлеуметтік желідегі видеодан кейін мотоциклисті анықтап, жауапқа тартты
Алматыда мотоциклист әлеуметтік желіге қоғамдық тәртіпті әдейі бұзып, былапыт сөздер айтқан видеосын өзі жариялағаннан кейін 10 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Бостандық аудандық полиция басқармасының қызметкерлері интернет кеңістігіне жүргізілген мониторинг барысында құқық бұзушы жариялаған бейнероликті анықтаған.
Видеода мотоциклист қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, жол қозғалысының өзге қатысушыларын арандатып, әрекеттерін былапыт сөздермен сүйемелдеген.
Тәртіп бұзушының жеке басы жедел анықталды. Ол Алматы қаласының 39 жастағы тұрғыны болып шықты. Оған ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Сот шешімімен ер адам кінәлі деп танылып, 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.
«Әлеуметтік желілерде заңға қайшы әрекеттерді жариялау жауапкершіліктен босатпайды. Керісінше, мұндай материалдар тексеру жүргізуге және заңда көзделген шараларды қабылдауға негіз болады», – деп еске салды Алматы полициясы.