Павлодар облысында жүкті екенін айтып, жазадан құтылмақ болған әйел түрмеге қамалды

Автор: Асқарова Қарлығаш

Алайда бұл мәлімет тексеру барысында расталмады

Фото: istockphoto.com

Павлодар облысында пробация талаптарын бірнеше рет бұзған әйелдің бас бостандығын шектеу жазасы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Ертіс аудандық сотының үкімімен әйел 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесіліп, пробациялық бақылауға алынған. Сондай-ақ жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тарту міндеті жүктелген.

Алайда сотталған азаматша белгіленген талаптарды сақтамаған. Ол дәлелді себепсіз бірнеше рет мәжбүрлі жұмыстарға шықпаған, ішімдік ішіп, құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Осыған байланысты Ертіс аудандық пробация қызметі сотқа бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айырумен алмастыру туралы ұсыныс енгізген.

Сот отырысы кезінде әйел өзін жүкті екенін айтып, жазаны қатаңдатпауын сұраған. Алайда бұл мәлімет тексеру барысында расталмаған. Нәтижесінде сот оның жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырды. Әйел орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне 1 жыл 7 ай 20 күн мерзімге жіберілді.