Қостанайда ғимарат жанында тұрған көлікке шатырдан мұз құлап, иесі 2 млн теңге өндіріп алды

Автор: Асқарова Қарлығаш

Сот істі қарау барысында Азаматтық кодекс пен  қалалар мен елді мекендерді абаттандыру қағидаларын негізге алған

Фото: istockphoto.com;

Қостанай қалалық соты ғимарат шатырынан құлаған қар мен мұздың салдарынан зақымданған көлік иесінің талап-арызын қанағаттандырды. Бұл туралы Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылдың наурыз айында Абай даңғылы бойындағы ғимараттардың бірінің маңына қойылған автокөліктің үстіне шатырдан мұз құлаған. Салдарынан көлікке елеулі зақым келген. Тәуелсіз сараптама қорытындысына сәйкес, көлікті қалпына келтіруге 1,8 миллион теңгеден астам қаражат қажет. Бұған қоса, автокөліктің нарықтық құнының төмендеуіне байланысты келген шығын 180 мың теңге деп бағаланған.

Ал жауапкер талап-арызды қанағаттандырмауды сұрап, ғимаратқа қар мен мұздың құлау қаупі туралы ескерту белгілері алдын ала қойылғанын алға тартқан. Алайда сот ұсынылған фотосуреттердің нақты қашан түсірілгені және ескерту тақтайшаларының қай кезде ілінгені дәлелденбегенін атап өтті. Керісінше, оқиғадан кейін бірден түсірілген бейнежазбада ешқандай ескерту белгісі болмағаны анық көрінген.

Сот істі қарау барысында Азаматтық кодекс пен Қостанай облысындағы қалалар мен елді мекендерді абаттандыру қағидаларын негізге алған. Аталған талаптарға сәйкес, шатырды қар мен мұздан дер кезінде тазарту және азаматтардың өмірі мен мүлкінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ғимарат иесінің міндеті. Осыған байланысты сот ғимарат иесі апаттың алдын алу үшін қажетті шараларды қабылдамаған деген қорытындыға келіп, талап-арызды толық қанағаттандырды.

Сот шешімімен жеке кәсіпкерден көлік иесінің пайдасына 2 миллион теңге көлемінде материалдық шығын өндірілді.

Әзірге бұл шешім заңды күшіне енген жоқ.