Одан бөлек мас күйінде көлік басқарғандарға да заң күшейеді
Қазақстанда 2026 жылғы 25 тамыздан бастап жол қозғалысына қатысты заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Соған сәйкес, жүргізуші куәлігінен айыратын негіздер көбейеді. Жаңа талаптар 65 жастан асқан жүргізушілерге, мүгедектігі бар азаматтарға және мас күйінде көлік жүргізген қатысты болмақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Енді 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар азаматтар әр екі жыл сайын міндетті медициналық тексеруден өтуі тиіс. Бұған дейін мұндай талапты орындамағандар жүргізуші куәлігінен айырылмайтын. Ал 25 тамыздан бастап медициналық тексеру туралы мәліметтер бірыңғай цифрлық жүйеге енгізіледі. Егер жүргізуші уақытында тексеруден өтпесе немесе оның деректері базада болмаса, көлік жүргізу құқығы автоматты түрде тоқтатылады. Бұл үшін соттың шешімі қажет емес.
Сондай-ақ мас күйінде көлік басқарған жүргізушілерге қойылатын талап та күшейтіледі. Бұдан былай мұндай азаматқа қатысты қылмыстық іс рақымшылыққа ілінуі, талап қою мерзімінің өтуі немесе заңда көзделген өзге де негіздермен тоқтатылса да, ол жүргізуші куәлігін сақтап қала алмайды. Яғни қылмыстық істің қысқартылуы енді жауапкершіліктен босатпайды. Мұндай жағдайда жүргізуші куәлігі қайтарып берілмейді. Оны тек 8 жылдан кейін, жол қозғалысы ережелерінен емтиханды қайта тапсырып, медициналық тексеруден өткен соң ғана қайта алуға болады.
Заңдағы бұл өзгерістер жол қозғалысын цифрландыру және қауіпсіздікті күшейту мақсатында енгізіліп отыр.