«Екі есе аз көрсеткен»: Атырауда салықтан жалтарған кәсіпкерлер анықталды
Іске прокуратура араласып, бюджетке төленбей қалған 8,5 млн теңге өндірілді
Атырау облысының прокуратурасы бірқатар салық төлеушінің мүлік салығын есептеу кезінде жылжымайтын мүліктің нақты көлемін әдейі төмендетіп көрсеткенін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомствоның мәліметінше, кейбір кәсіпкерлер салықты аз төлеу мақсатында декларацияларға шындыққа сай келмейтін деректер енгізген. Соның салдарынан бюджетке төленуі тиіс салық толық түспеген.
Мәселен, «М» ЖШС 2025 жылы өзіне тиесілі нысанның аумағын 14 700 шаршы метр деп көрсетіп, 9,2 млн теңге мүлік салығын төлеген. Алайда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының дерегіне сәйкес, ғимараттың нақты аумағы 28 827,3 шаршы метр екені белгілі болған. Осының салдарынан бюджетке төленбей қалған салық көлемі 8,5 млн теңгеден асқан.
Прокуратура дәл осындай заң бұзушылықтарды тағы 63 жылжымайтын мүлік нысанынан анықтаған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде мемлекет қазынасына 250 млн теңгеден астам қаржы өндірілді.
Қадағалау органы мұндай заң бұзушылықтарды анықтау жұмысы жалғасып жатқанын және бұл мәселе прокуратураның тұрақты бақылауында екенін мәлімдеді.