Семейде жүріп бара жатқан көліктің есігіне мінген жолаушы жауапқа тартылды (ВИДЕО)

Автор: Алмас Ерсін

Түнгі уақытта көпір үстінде түсірілген қауіпті әрекет бейнекамераға түсіп қалды. Полиция жүргізуші мен жолаушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты

видеодан скриншот

17 шілде күні сағат 01:00 шамасында Семей қаласында Жедел басқару орталығының (ЖБО) бейнекамералары жол қозғалысы ережесінің өрескел бұзылғанын тіркеді. Тұрлыханов көпірінде ВАЗ-2115 автокөлігі қозғалып келе жатқанда жолаушы көлік салонынан сыртқа шығып, есігіне отырып жол жүрген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Абай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, көлікті 20 жастағы жүргізуші басқарған. Ол қозғалыс кезінде 23 жастағы жолаушының көліктің есігіне отырып жүруіне жол беріп, жолаушыларды тасымалдау қағидаларын өрескел бұзған.

Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысушылардың жеке басын жедел анықтады. Тексеру қорытындысы бойынша жолаушыларды тасымалдау ережесін бұзған жүргізуші де, жол қозғалысы ережесінің талаптарын бұзған жолаушы да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция мұндай қауіпті әрекеттердің қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін ескертті. Көліктің кенет тежелуі, күтпеген жерден бұрылуы немесе тіпті болмашы соқтығысудың өзі адамның көліктен құлап кетуіне, ауыр жарақат алуына, кей жағдайда өмірінен айырылуына себеп болуы мүмкін.

Полиция департаменті қазақстандықтарды ортақ пайдаланылатын жолдарда өмірге қауіп төндіретін ойын-сауықтан бас тартуға шақырды. Ведомство өкілдері әлеуметтік желіге әсерлі видео түсіру немесе жұрттың назарын аудару үшін жасалатын мұндай әрекеттер адам өміріне татымайтынын, ал жолдағы қауіпсіздік әрбір жол қозғалысына қатысушының жауапкершілігіне байланысты екенін еске салды.

«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықтық тетіктерді нығайтуға, құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын орнықтыруға және заңды қатаң сақтау ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналатын қоғам қалыптастыруға бағытталған іргелі саяси қағидаты.