Қармақ емес, қару алып келген: Атырауда зейнеткерге ойыншық тапаншамен шабуыл жасаған ер адам сотталды

Автор: Асқарова Қарлығаш

Шабуыл салдарынан зейнеткердің бірінші бел омыртқасы қысылып сынған, екінші бел омыртқасының өсіндісі сынған

Фото: Жи көмегімен жасалды\Сhatgpt

Атырауда зейнеткер әйелдің үйіне басып кіріп, ойыншық тапаншамен қорқытып,  ақшасын тартып алған ер адам 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға Жилгородок шағынауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде болған. Тергеу материалдарына сәйкес, күдікті үйдің алдына велосипедпен келіп, айналаны біраз бақылаған. Сол кезде пәтер иесімен жолығып қалады. Қолындағы балық аулайтын жәшікті көрген үй иесі «Балық қалай, жақсы шығып жатыр ма?» деп жөн сұраған. Бейтаныс адам «Жақсы қармап жатыр» деп жауап берген. Осыдан кейін үй иесі еш күдіксіз өз шаруасымен кетіп қалады.

Арада көп уақыт өтпей әлгі ер адам сол пәтердің есігін қайта қағады. Үйде жалғыз қалған зейнеткер әйел күйеуім бірдеңесін ұмытып кеткен шығар деп есікті ашады. Осы сәтті пайдаланған күдікті әйелді итеріп кіріп, есікті ішінен жауып алады. Кейін оның аузын басып, ойыншық тапаншамен қорқытып, ақша талап еткен. Алайда зейнеткер қарсылық көрсеткен. Екеуінің арасында арпалыс басталып, күдікті әйелді жерге құлатып, үйден ақша іздейді. Соған қарамастан жәбірленуші есікті ашып, көмекке шақырып үлгерген. Әйелдің айқайын естіген күдікті оқиға орнынан қашып кеткен. Тергеу мәліметінше, ол үйден 60 мың теңге алып кеткен.

Сот барысында айыпталушы ақшаны алғанын мойындамағанымен, үйге заңсыз кіргенін және әйелді ойыншық тапаншамен қорқытқанын растаған. Шабуыл салдарынан зейнеткердің бірінші бел омыртқасы қысылып сынған, екінші бел омыртқасының өсіндісі сынған. Сонымен қатар денесінің бірнеше жері жарақаттанған.

Кейін тергеушілер қараусыз қалған гараждардың бірінен күдікті пайдаланған велосипедті, киімдерді, бетпердені, қолғапты және ойыншық тапаншаны тапқан.

Атырау қаласының №2 соты ер адамды тұрғын үйге заңсыз кіріп, тонағаны үшін кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ сот оны жәбірленушіге 60 мың теңге материалдық шығынды өтеуге міндеттеп, жазасын өтеу кезінде есірткіге тәуелділіктен мәжбүрлі ем қабылдауды тағайындады.