«Сот мені кінәлі деп таныды»: Қарағандыда апатқа ұшыраған жедел жәрдем жүргізушісі Тоқаевтан көмек сұрады (ВИДЕО)

Автор: Асқарова Қарлығаш

Жүргізушінің айтуынша, бейнежазбалар оның емес, жеңіл автокөлік жүргізушісінің жол ережесін бұзғанын көрсетеді

Фото: скриншот

Қарағандыдағы №1 жедел жәрдем стансасының жүргізушісі Елжас Сағындықов алты айдан бері жұмыссыз жүргенін айтып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. Оның айтуынша, қызметтік міндетін атқарып, шұғыл шақыртуға бара жатқанда болған жол-көлік оқиғасынан кейін сот оны кінәлі деп таныған. Алайда, оның айтуынша, бейнежазбада жеңіл көліктің жол ережесін бұзғанын анық көруге болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Жүргізушінің сөзінше, апат кезінде жедел жәрдем көлігі арнайы дыбыс және жарық белгілерін қосып, шақыртуға бара жатқан. Алайда қарсы бағыттан шыққан жеңіл автокөлікпен соқтығысып, салдарынан жедел жәрдем көлігі жарық бағанына барып соғылған.

Ол іс материалдарындағы бейнежазбалар жеңіл автокөлік жүргізушісінің жолдың тұтас сызығын кесіп өтіп, бағдаршамның сары түсіне өткені анық көрінетінін айтады. Соған қарамастан, бірінші сатыдағы сот жедел жәрдем жүргізушісін кінәлі деп таныған.

«Мен жол-көлік оқиғасы болған күннен бері, яғни алты айдан бері жұмыссыз жүрмін. Бірінші сатыдағы соттың шешімімен келіспеймін, оны әділетсіз деп санаймын. Шақыртуға бара жатқан кезде алдымнан автокөлік шығып, соқтығыстық. Соның салдарынан жедел жәрдем көлігі жарық бағанына соғылды. Бейнежазбалардан Hyundai Accent көлігінің тұтас сызықты кесіп өтіп, бағдаршамның сары түсіне өткені анық көрінеді. Соған қарамастан, судья Малдыбаева мені кінәлі деп таныды. Сондықтан Мемлекет басшысынан осы іске назар аударып, әділ шешім қабылдануына ықпал етуді сұраймын», – дейді жүргізуші .

Ол өз ісі бойынша әділ сот шешіміне қол жеткізуді қалайтынын айтып, құқықтарының қорғалуына үміт білдірді. Біз осы іске қатысты Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасына ресми сауал жолдадық.