Алматыда түнгі заңсыз автожарысқа қатысқан 10 көлік айып тұрағына қойылды

Автор: Алмас Ерсін

Қауіпті жарыс ұйымдастырған жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Фото: © istockphoto.com

Алматыда полицейлер Рысқұлов даңғылында ұйымдастырылған қауіпті түнгі автожарыстың жолын кесті. Нәтижесінде 10 автокөлік арнайы айып тұрағына қойылып, олардың жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полиция департаментінің мәліметінше, түнгі уақытта Рысқұлов даңғылы заңсыз жарыс өтетін орынға айналған. Бірнеше автокөлік жоғары жылдамдықпен жарысып, жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндірген.

Тәртіп бұзушыларды патрульдік полиция экипажы байқап қалған. Ақпарат бірден радио байланысы арқылы басқа жасақтарға беріліп, бірнеше минуттан кейін полицейлер Рысқұлов даңғылының Құдерин көшесінен батысқа қарай орналасқан бөлігінде көліктер легін тоқтатқан.

Жалпы саны 10 автокөлік, оның ішінде бірнеше қымбат көлік тоқтатылды.

«Әрбір жүргізушіге қатысты жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін, оның ішінде апаттық жағдай туғызғаны және маневр жасау қағидаларын сақтамағаны үшін әкімшілік материалдар рәсімделді. Барлық көлік арнайы айып тұрағына қойылды», – деп мәлімдеді ведомство.

Алматы қаласының Полиция департаменті көшедегі заңсыз жарыстар жүргізушілік шеберлікті көрсетудің белгісі емес, керісінше адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіретінін еске салды. Ведомство мұндай құқық бұзушылықтардың жолы кесіліп, оған қатысқандар заң аясында жауапқа тартылатынын мәлімдеді.