ІІМ ескертеді: Алаяқтар қоғамдық орындардағы QR-кодтарды ауыстырып жатыр

Автор: Алмас Ерсін

Полиция азаматтарды күмәнді QR-кодтарды сканерлемеуге және жеке деректерін бөгде сайттарға енгізбеуге шақырды

Фото: © istockphoto.com

Қазақстанда алаяқтардың жаңа айласы тарала бастады. Бұл жолы олар қоғамдық орындардағы QR-кодтарды пайдаланып, азаматтарды жалған сайттарға бағыттайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ішкі істер министрлігі тұрғындарды сақ болуға шақырып, мұндай тәсілдің қауіпті екенін ескертті.

Ведомствоның мәліметінше, қаскөйлер автобус аялдамаларына, көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістеріне, жарнамалық стендтерге және адамдар көп жүретін өзге де орындарға жалған QR-кодтарды орналастырады. Кей жағдайда олар шынайы кодтың үстіне өздерінің кодын жапсырса, кейде оны хабарландырулардың немесе жарнамалардың жанына әдейі іледі.

Осындай кодты телефонмен сканерлеген адам ресми ресурсқа ұқсатып жасалған жалған интернет-парақшаға өтеді. Сырт көзге мұндай сайттар сенімді көрінгенімен, шын мәнінде пайдаланушының ақшасы мен деректерін қолға түсіруге арналған.

Полицияның айтуынша, көптеген азамат төлемді дұрыс жасап жатырмын деп ойлайды. Алайда қаражат қызмет көрсетушіге емес, алаяқтардың есепшотына түсіп жатады.

Бұдан бөлек, қаскөйлер банк картасының деректерін, жеке мәліметтерді және SMS арқылы келетін растау кодтарын алуға да тырысады.

Жалған QR-кодты қалай байқауға болады?

ІІМ бірнеше белгіге назар аударуға кеңес береді. Атап айтқанда:

  • QR-код басқа хабарландырудың немесе жарнаманың үстіне жапсырылған болуы мүмкін;
  • хабарландырудың сапасы төмен немесе ресми үлгіде рәсімделмеген;
  • «Сыйлық алыңыз», «Тек бүгін», «Дереу сканерлеңіз» сияқты асықтыратын жазулар кездеседі;
  • ұйымның атауы мен байланыс ақпараты көрсетілмейді.

Министрлік көшеде, аялдамаларда, тұрғын үйлердің кіреберістерінде немесе жарнамалық тақталарда орналасқан QR-кодтарды пайдаланбас бұрын олардың қауіпсіз екеніне көз жеткізу қажет екенін еске салды.

Өзіңізді қалай қорғауға болады?

Полиция қажет болмаса, белгісіз QR-кодтарды мүлде сканерлемеген дұрыс екенін айтады. Егер кодты пайдалануға тура келсе, алдымен ашылған сайттың мекенжайын мұқият тексерген жөн.

Сондай-ақ күмән тудыратын сайттарға жеке мәліметтерді, банк картасының нөмірін, CVV кодын немесе SMS арқылы келген растау кодтарын енгізуге болмайды. Белгісіз қосымшаларды орнатудан және оларға қосымша қолжетімділік беруден де бас тартқан дұрыс.

QR-код арқылы төлем жасағанда оның ресми ұйымға тиесілі екеніне көз жеткізу қажет.

Егер жеке деректеріңізді енгізіп қойсаңыз...

Егер күмәнді QR-кодты сканерлегеннен кейін банк картасының мәліметтерін немесе басқа да жеке ақпаратыңызды енгізіп қойған болсаңыз, Ішкі істер министрлігі уақыт оздырмай банкке хабарласып, картаны бұғаттауға кеңес береді.

Ведомство азаматтарды мұқият болып, цифрлық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.