Өмір бойына бас бостандығынан айырылған екі сотталушы осы аптада ерекше қауіпсіздік режиміндегі №39 «Қара бүркіт» мекемесіне этаппен жеткізілді
Атырау тұрғыны Яна Легкодимованы өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Катимов осы аптада №39 «Қара бүркіт» түзеу мекемесіне этаппен жеткізілді,
Бұл туралы өз дереккөздеріне сілтеме жасаған «Ақ Жайық» басылымы хабарлады.
Сотталғандардың жазасын өтеу орнына қатысты сауал туындады
Соңғы күндері сотталғандардың нақты қай мекемеде жазасын өтеп жатқанына қатысты түрлі мәліметтер тарады. Осыған байланысты «НеМолчиKZ» қоғамдық қоры Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне ресми сауал жолдап, олардың шынымен де «Қара бүркітте» отырғанын нақтылауды сұраған.
Қордың мәліметінше, бұған дейін екі сотталған Қостанай қаласындағы №76 мекемеде болуы мүмкін деген ақпарат шыққан. Бұл жайт жәбірленуші тарапқа бұрын жіберілген, сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін жазасын белгіленген тәртіппен өтеп жатқаны туралы ҚАЖК ақпаратымен сәйкес келмеген.
«Ақ Жайық» басылымының жазуынша, осы аптада Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Катимов өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар ұсталатын №39 «Қара бүркіт» мекемесіне этаппен жеткізілген.
Яна Легкодимованы өлтіру ісі
Еске салсақ, Атырау тұрғыны Яна Легкодимованың өліміне қатысты қылмыстық іс тоғыз ай бойы тергелді. Оның сегіз айы қыздың мәйітін іздеуге кеткен.
Тергеу нұсқасына сәйкес, 2024 жылдың қазан айында Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Катимов Яна Легкодимованы сыртқа алдап шығарып, көліктің ішінде тұншықтырып өлтірген. Кейін оның денесін Жайық өзеніне тастаған.
Марқұмның денесі табылғаннан кейін анасы мәйітхана алдында қызының сүйегі салынған пакетті құшақтап отырғанын айтып, қоғамды елең еткізген еді.
Сот отырысында қылмыстың алдын ала WhatsApp мессенджері арқылы жоспарланғаны анықталды. Айыпталушылар хат алмасу барысында кісі өлтірудің «бағасын» талқылап, Яна Легкодимованың өмірін 500 мың теңгеге бағалаған. Өз жазбаларында олар бұл соманы гараж жөндеу құнымен, капсулалы кофеқайнатқыштың бағасымен немесе автокөлікке арналған қосалқы бөлшектердің құнымен салыстырған.
2025 жылдың қараша айының ортасында сот Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Катимовты төтенше қауіпсіздік мекемесінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Кейін, 2026 жылдың ақпанында апелляциялық шағым қаралды. Алтынбек Катимовтың қорғаушысы үкімді қайта қарап, жазаны жеңілдетуді сұрағанымен, апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.