Елімізде жүргізуші даярлайтын оқу ұйымдарына бақылау күшейтілмек
Президент жүргізушілерді даярлау жүйесін жетілдіруге және жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған заңға қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қабылданған түзетулерге сәйкес, енді жүргізушілерді даярлайтын оқу ұйымдарының қызметіне қойылатын талаптар күшейтіледі. Бұл бағыттағы мемлекеттік бақылау Ішкі істер министрлігіне беріледі. Атап айтқанда, ІІМ жүргізушілерді даярлау қызметімен айналысатын оқу ұйымдарына рұқсат беру және олардың қызметіне кейінгі бақылауды жүзеге асыратын болады.
Қазіргі таңда елімізде жүргізушілерді даярлаумен 819 оқу ұйымы айналысады. Жыл сайын 140 мыңнан астам қазақстандық алғаш рет жүргізуші куәлігін алады.
Заңда электр самокаттарына қатысты да жаңа талаптар қарастырылған. Енді электр самокаттарымен тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынады. Мұндай шешім жаяу жүргіншілердің, әсіресе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған.
Ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылы электр самокатын басқарған жүргізушілердің кінәсінен 139 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 149 адам түрлі жарақат алған.
Сонымен қатар заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес:
елді мекендерде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған көлікті тұраққа қоюға тыйым салатын норма алынып тасталады;
жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын автоматты түрде тіркейтін камералардың қолданылу аясы кеңейтіледі;
электромобильдер үшін арнайы мемлекеттік тіркеу нөмірлері енгізіледі.
Жаңа нормалар жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейтуге және жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.