Жол апаты бойынша қылмыстық іс қозғалды
Алматы облысында бір отбасынан шыққан үш адамның өмірін қиған жантүршігерлік жол апаты бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 23 маусым күні Алматы – Шелек – Қорғас автожолының 132-шақырымында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, Haval көлігінің жүргізушісі қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Audi 100 автокөлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Audi көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеу басталды. Haval көлігінің жүргізушісі қамауға алынды.
Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасының мән-жайы мен себептерін анықтауға бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеті жүргізіліп жатыр. Полицияның хабарлауынша, істің тергелуі облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында болады.