Шетелден жеткізілген шикізат пен құпия қоймалар: ІІМ мен ҰҚК ірі қылмыстық схеманың бетін ашты

Автор: Алмас Ерсін

ІІМ мен ҰҚК күшті әсер ететін дәрілерді контрабандалық жолмен әкеліп, антисанитарлық жағдайда өндірген топтың қызметін әшкереледі. Іс бойынша фармбақылау департаментінің қызметкерлері де ұсталды

Фото: © istockphoto.com

Алматыда Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті көршілес мемлекеттерден дәрілік препараттарды, оның ішінде күшті әсер ететін медикаменттерді контрабандалық жолмен тасымалдап, кейін оларды ел аумағындағы дәріханалар арқылы сатумен айналысқан төрт фармацевтикалық компанияның заңсыз қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тергеу барысында күдіктілердің психотроптық заттар бар дәрілерді қоса алғанда, дәрілік препараттарды қолдан жасалған тәсілмен заңсыз өндіргені анықталды. Бірнеше қойма мен жасырын өндіріс цехы табылды.

Жалған өнімдер антисанитарлық жағдайда дайындалғандықтан, азаматтардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірген. Мұндай дәрілерді қолдану адам ағзасына орны толмас зиян келтіруі мүмкін.

Сондай-ақ заңсыз әрекетті ұйымдастырушыларға ақша үшін қолдау көрсетіп отырған фармацевтикалық бақылау департаментінің лауазымды тұлғалары анықталып, ұсталды.