Астанада автобус өтіп бара жатқан пойызбен соқтығысты (ВИДЕО)

Автор: Асқарова Қарлығаш

Оқиға 20 маусым күні Тайбурыл көшесіндегі теміржол өткелінде болған

Фото: Видеодан скрин

Астананың Лесозавод ауданында жолаушылар автобусы локомотивпен соқтығысып, артынша жеңіл көлікке соғылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полицияның мәліметінше, оқиға 20 маусым күні Тайбурыл көшесіндегі теміржол өткелінде болған. «Ивеко» бағыттық автобусының жүргізушісі өткелден өту кезінде қозғалыстағы локомотивке жол бермеген.

Салдарынан автобус пойызбен соқтығысып, инерция күшімен «Hyundai» маркалы автокөлікті қағып кеткен.

«Жол-көлік оқиғасы нәтижесінде зардап шеккендер жоқ.  Аталған факті бойынша теміржол өткелінен өту қағидаларын бұзған автобус жүргізушісіне қатысты әкімшілік іс қозғалды. Жол-көлік оқиғасы салдарынан көлік құралдарына зақым келіп, материалдық шығын келтірілген.  Бұл баптың санкциясына сәйкес жүргізуші тоғыз ай мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылуы мүмкін», – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.