Қорғаныс министрлігі қауіпсіздік жүйесін толық жаңғыртуды жоспарлап отыр
Қазақстан армиясындағы барлық казарма кезең-кезеңімен жасанды интеллект элементтері бар бейнебақылау жүйелерімен жабдықталады. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Асқар Мұстабеков мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қарулы күштерде қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған кешенді жоспар іске асырылып жатыр.
«Қазір қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспар жүзеге асырылып жатыр. Биыл жыл соңына дейін және келесі жылы барлық казарманы жасанды интеллектісі бар бейнебақылау жүйелерімен толық қамтимыз деп ойлаймын. Бұл жүйелер талдау жүргізетін болады», – деді Асқар Мұстабеков.