Маңғыстауда полицейлер қиындыққа тап болған венгриялық велосаяхатшыға көмектесті

Автор: Дәулет Ботагөз

Саяхатшының қос дөңгелекті көлігі «Ақтау — Қаламқас» тас жолының 55-шақырымына жеткенде сынып қалған

Фото: © istockphoto.com

Маңғыстау облысында тәртіп сақшылары айдалада көлігі бұзылып, көмекке зәру болған шетелдік жиһанкезге қолұшын созды. Велосипедпен әлемді шарлауға шыққан Венгрия азаматы тас жолда шарасыз күйде қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өңірлік Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, шетелдік азамат велосипедпен халықаралық саяхатқа шыққан.

Саяхатшы өз сапарын Венгриядан, туған жерінен бастаған. Одан кейін ол Қырғызстан аумағы арқылы өтіп, Қазақстанға келген. Елімізде біраз уақыт аялдаған саяхатшы алдағы бағытын Қытай Халық Республикасына қарай жалғастыруды жоспарлап отыр. Алайда Ақтау қаласынан шығып, «Ақтау — Қаламқас» тас жолының 55-шақырымына жеткенде оның қос дөңгелекті көлігі сынып, жолын жалғастыруға мүмкіндігі болмай қалған.Елсіз далада зарығып тұрған саяхатшыны сол маңда патрульдеуде жүрген Маңғыстау облыстық полиция қызметкерлері байқап қалған.

«Полицейлер трасса бойында тұрған шетелдікті көріп, мән-жайды білу үшін бірден тоқтаған. Оның көмекке мұқтаж екеніне көз жеткізген соң, сол жерден өтіп бара жатқан «ГАЗель» автокөлігін тоқтатып, велотуристі көлігімен бірге Ақтау қаласына дейін жеткізуді ұйымдастырды», — деп хабарлады мекемеден.

Шетелдік қонақ қазақстандық тәртіп сақшыларының мұндай қырағылығы мен қонақжайлылығына тәнті болып, көрсетілген жедел көмек пен шынайы жанашырлық үшін шексіз алғысын білдірді.