Күдіктілерден қару-жарақ, оқ-дәрілер және өзге де айғақтар тәркіленгені белгілі болды
Ақтөбеде арнайы бөлім жауынгерлерінің қатысуымен өткен операция барысында өңір аумағында есірткі заттарын сатумен айналысқан интернет-дүкенді ұйымдастырды деген күдікпен 38 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ұстау кезінде екі ұңғылы мылтық пен оған арналған оқ-дәрілер, травматикалық және пневматикалық тапанша, револьвер, Ф-1 гранатасы және басқа да оқ-дәрілер тәркіленді.
Кейін күдіктінің қылмыстық байланыстарын анықтау барысында полицейлер есірткі жасырып кетумен айналысты деген тағы бір күдіктіні ұстады. Оның жалға алып тұрған пәтерін тінту кезінде құрамында гашиш майы (WAX) бар 70 құты және заңсыз қызметтен түскен болуы мүмкін ақша қаражаты тәркіленген.
Аса ірі көлемде есірткі заттарын заңсыз сақтау, сондай-ақ қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау факілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.