Меңдіқара ауданындағы мектеп асханасында туберкулезбен ауыратын қызметкер жұмыс істегені анықталып, сот жалға алушыны жосықсыз жеткізуші деп таныды
Қостанай облысында мектеп асханасын жалға алушыға қатысты сот ісі аяқталды. Оның қарамағында жұмыс істеген қызметкердің туберкулезбен ауырғанына қарамастан балаларға тамақ дайындаумен айналысқаны анықталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Наша газета» басылымының жазуынша, оқиға 2026 жылдың көктемінде Меңдіқара ауданындағы Боровской мектеп-гимназиясында болған. Асхананы азық-түлікпен қамтамасыз ететін «Юнин» ЖК-да туберкулезбен ауыратын әйел жұмыс істеген. Мектеп әкімшілігі 3 наурыз күні жалға алушыға келісімшартты бұзу туралы хабарлама жолдап, қатар мектеп оқушылары мен мұғалімдерін тексеруден өткізген. Тексеру нәтижесінде олардың арасынан ауру жұқтырғандар анықталмаған.
Кейін Меңдіқара аудандық білім бөлімі мектеп асханасын жалға алушы «Юнин» ЖК-ны жосықсыз жеткізуші деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгінген.
«Сот талқылауы барысында жеткізушінің білім беру ұйымында туберкулезбен ауыратын қызметкердің жұмыс істеуіне жол бергені анықталды. Бұл санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың және оқушылардың тамақтануын ұйымдастыру қызметтерін мемлекеттік сатып алу туралы шарт талаптарының бұзылуы болып саналады. Балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін мұндай заңбұзушылықтың сипатын ескере отырып, сот жеткізуші шарттық міндеттемелерін тиісінше орындамаған деген қорытындыға келді», – деп мәлімдеді облыстық соттың баспасөз қызметі.
Сот тапсырыс берушінің талабын қанағаттандырып, «Юнин» ЖК-ны жосықсыз жеткізуші деп таныды.