Астанада екі адамның өмірін қиған жол апаты: жүргізушіге сот үкімі шықты

Биыл 28 қаңтарда Сарайшық көпірінде болған жол апатынан жеңіл көліктегі екі жолаушы көз жұмған еді. Сот кінәлі жүргізушіге қатысты үкім шығарды

Астанада екі адамның өмірін қиған жол апаты: жүргізушіге сот үкімі шықты
Фото: © istockphoto.com

Астанада екі адамның қазасына себеп болған жүргізушіге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі бойынша айыпталған К.-ға қатысты қылмыстық істі қарады.

Еске салайық, 2026 жылғы 28 қаңтар күні кешке жүргізуші көлігімен Сарайшық көпірі арқылы Түркістан көшесі жағынан Б.Момышұлы көшесі бағытына қарай келе жатқан. Қозғалыс қарқындылығы мен жол жағдайын ескермей, жылдамдықты төмендетпеген ол көлікті басқара алмай қалып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен.

Соның салдарынан қарсы бағытта келе жатқан көлікпен соқтығысқан. Жол апаты кезінде жеңіл көлікте болған М. мен А. алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.

Мемлекеттік айыптаушы соттан айыпталушыға 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сот барысында К. өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты.

Сот кінәні мойындауын, шынайы өкінуін және жәбірленушілерге келтірілген шығынды толық өтегенін жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Нәтижесінде сот К.-ны 5 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сондай-ақ оған 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.